«Бұлбұл» радиосы туралы

42385945

«Бұлбұл» радиосы 2015 жылдың 2-ші қарашасында ресми түрде ғаламтор желісінде таратыла бастады.

Радионың ашылу мақсаты — түркі тілдес елдердің үздік әндерін бір арнаға тоғыстырып, ел-жұртқа таныстыру арқылы осы елдерді бір-біріне жақындастыру, мәдениеттерін байланыстыру, түп-тамырымыздың бір екенін насихаттау. Жат елдердегі қаракөз ағайындарымыздың мауқын басу үшін төл әндерімізді тарату.

РАДИОНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАҒАНДАР:

Қалдыбек ЖАЙСАҢБАЙ — 1998 жылдан бастап еліміздің көптеген радиосында жүргізуші, дыбыс өңдеуші, продюсер, бағдарламалар директоры, редактор, сонымен қатар, танымал телеарналарда бірнеше жыл бойы хабарлардың авторы, жүргізушісі, редакторы әрі продюсері болып қызмет етіп келген.

Әзімхан АХМЕТ — 2001 жылдан бастап бірнеше радиоларда жүргізуші, дыбыс өңдеуші, продюсер, бағдарламалар директоры, редактор және де танымал телеарналарда бірнеше жыл бойы хабарлардың авторы, жүргізушісі, редакторы әрі продюсері болып қызмет етіп келген.

2002 жылы осы екі жігіт қара шаңырақ «Қазақ радиосында» танысып, әріптес болады да бұл таныстық достыққа ұласады. Сөйтіп, күндердің күнінде екі азаматтың: «Жастарға арналған заманауи қазақша, қазақстандық әндер шырқалатын радио ашсақ» — деген ортақ арманы пайда болады. Әрине, жиырмадан сәл асқан жас жігіттерге бұл арманды қысқа уақытта жүзеге асыру түсінікті жағдайлармен оңайға түспеді. Бірақ олар бұл арманынан ешқашан бас тартқан емес. Мінекей, сол арман 13 жыл өткеннен кейін іске асырылды. Осы он үш жыл ішінде Қалдыбек пен Әзімханның бастапқы арманы бірнеше ойлармен толықты. Байтақ еліміз Қазақстанда, бір шаңырақтың астында түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті бір отбасындай өмір сүріп келеді, оған қоса, соңғы жылдары түркі тілдес елдер бір-біріне жақындай түсті. Осыған байланысты радионың форматы сәл өзгерді. Бірақ, әрине қазақтың әндеріне көбірек көңіл бөлінеді.